«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының Астана учаскесіндегі поезд бригадалары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық бірлікті нығайту және спортты дамыту мақсатында достық футбол турнирі ұйымдастырылды. Турнирдің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы филиалдың кәсіподақ ұйымы болды.

Аталған жарысқа Астана учаскесінің 12 поезд бригадасы қатысып, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Турнир барысында қатысушылар өздерінің шеберліктерін, ұйымшылдығы мен жеңіске деген жігерін таныта білді.
Турнир қорытындысы бойынша:
1-орын – А.Айдарқұл жетекшілік ететін поезд бригадасына;
2-орын – Г.Бекқожина жетекшілік ететін поезд бригадасына;
3-орын – А.Тайшыков жетекшілік ететін поезд бригадасына бұйырды.

Сонымен қатар, жарыс барысында ерекше ойын үлгісін көрсеткен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды:
«Үздік қақпашы» – жолсерік Нұрбек Сұлтанбек;
«Үздік шабуылшы» – жолсерік Бекзат Әбдиев;
«Үздік қорғаушы» – жолсерік Досбол Алтаев;
«Үздік ойыншы» – жолсерік Саян Жүнісов.

Турнир жеңімпазы атанған команда алдағы уақытта «Экспресс» филиалының Астана және Алматы учаскелерінің қызметкерлері арасында өтетін достық матчта бақ сынайтын болады.
Іс-шара соңында «Экспресс» филиалының директоры Руслан Жалғасбай жарысқа қатысушыларды құттықтап, мұндай спорттық шаралардың ұжым арасындағы ынтымақ пен серіктестікті нығайтудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар, ол турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалы кәсіподақ ұйымының төрайымы Элмира Егембердиеваға алғысын білдірді.

Осындай спорттық шаралар қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, ұжымдық рухты көтеруге және достық қарым-қатынасты нығайтуға үлкен септігін тигізеді.
