ҚРКФ Төрағасының Түркістан индустриалды-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттерімен кездесуіндегі сөйлеген сөзі

Құрметті  колледж оқытушылары мен студенттері!

Сіздер – еліміздің техникалық саланың болашақ саңлақтарысыздар. Бүгінгі берекелі басқосуда сіздермен қауышқаныма, жүздеріңізді көріп, пікір алмасу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын.

Бұл кездесудің нақты өндіріс орнымен, атап айтқанда, Түркістан қаласының автобус паркімен тығыз жұмыс істейтін осы колледжде өтуінің мәні өте зор.

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы дуалды оқыту жүйесін қолдайды. Себебі, бұл теория мен практиканы, оқу кабинеттері мен нақты жұмыс орнын біріктіретін білікті мамандар даярлаудың ең тиімді жолы.

Сіздердің автобус паркімен орнатқан ынтымақтастықтарыңыз — әлеуметтік әріптестіктің табысты үлгісі. Студенттер мұнда тек кітаптағы білімді ғана меңгермей, мамандықты іс жүзінде үйренеді. Атап айтқанда, техниканың қыр-сырын таниды, жауапкершілік пен тәртіпті сезінеді, еңбек мәдениетіне дағдыланады.

Кәсіподақтар үшін ең басты мәселе — әрбір жас маман алғашқы қадамынан бастап өз құқығын біліп, қауіпсіз еңбектің қадірін түсініп, лайықты жалақы алудың маңыздылығын сезінуі керек. Дуалды білім беру осы құндылықтарды шәкірт санасына сіңіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда көлік саласына білікті жүргізушілер, механиктер мен техника мамандары өте қажет. Дәл осындай білім беру жобалары кадр тапшылығын жойып, кәсіпорындарды мықты мамандармен, ал жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Ерекше айта кететін жайт: Жұмыс беруші тарап, яғни автобус паркі, кадр даярлауға атсалыса отырып, еңбек жағдайына, қауіпсіздікке және әлеуметтік кепілдіктерге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сонда ғана дуалды білім беру жүйесі тұрақты әрі жемісті дамиды.

Осы орайда ертеңгі еңбек нарығының мүмкіндіктері мен қиындықтары жайлы ой бөліспекпін.

Біз цифрландырудың маңызын жақсы түсінеміз. Ол ауыр жұмысты жеңілдету, өндіріс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру үшін керек. Мәселен, қазірдің өзінде жасанды интеллект (ЖИ) дәрігерлерге ауру түрін анықтауға көмектесіп, уақыт үнемдеуде. Болжам бойынша, 2028 жылға қарай ЖИ адам деңгейіне жетіп, технологияның рөлі тіптен арта түспек.

Әлемдік тәуекелдер және еңбек нарығы

Алайда, бұл дамудың артында бірталай сын-қатерлер де бар:

Жұмыспен қамтылу қаупі. Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, әлемдегі жұмыс орындарының 40%-ы ЖИ әсерінен жойылуы не өзгеруі мүмкін. Бұл тек қарапайым еңбеккерлерге ғана емес, жоғары білікті мамандарға да қатысты.

Әлеуметтік теңсіздік. Озық жүйелерге тек ауқатты адамдардың ғана қолы жетіп, бұл қоғамдағы алшақтықты күшейту қаупі бар.

Әдеп және бағалау. Бағдарлама адамның жай-күйін сезінбейді. Ал “жансыз” технология билік алса, адамның еркі мен құқығы ескерусіз қалуы мүмкін

Қауіпсіздік. Жеке деректердің ұрлануы және хакерлік шабуылдар қаупі артып келеді.

Кәсіподақтар ұстанымы – Адам үнемі бірінші орында

Технология адамды бақылаусыз алмастырмауы керек. Ол адамға қызмет етуі тиіс. Біз мынадай нақты қадамдарды қолдаймыз:

Заңмен қорғау: Жұмыс беруші кәсіподақтың келісімінсіз адамды роботпен алмастырмауы керек.

Қайта оқыту кепілдігі: ЖИ енгізілген жағдайда қызметкерді алдын ала оқытпай немесе жаңа жұмысқа орналастыруға көмектеспей жұмыстан шығаруға жол берілмейді.

Квота енгізу: Біз роботтар істей алмайтын, тек адамның қолынан келетін жұмыстарды анықтап, сол орындарға техниканы емес, тек адамдарды алуды міндеттеуді ұсынамыз

Әлеуметтік қолдау: Мамандығы өзгерген жандарды қорғайтын заңдар мен бағдарламалар бүгіннен бастап дайындалуы керек.

Құрметті ұстаздар мен студенттер!

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өзгерістерді тек бақылап қана қоймай, алдын ала әрекет етіп жатқанын атап өткім келеді. Біз ҚРКФ-ның Цифрлық жаңғыру тұжырымдамасын әзірледік және оны белсенді түрде енгізіп жатырмыз, бұл біздің заманауи сын-қатерлерге стратегиялық жауабымыз болмақ.

Біз ЖИ дәуіріндегі қызметкерлердің құқығын қорғау стандартын әзірледік. Оның негізгі ережелері болашаққа тікелей әсер етеді:

Адам еңбегінің басымдығы:

Біз технологиялар тек адамның бақылауымен және қызметкердің игілігі үшін пайдаланылуы тиіс деп санаймыз.

Өз бетінше алмастыруға тыйым салу: Стандарт жұмыс берушінің қызметкерді ЖИ жүйесімен біржақты тәртіпте алмастыра алмайтыны туралы талапты енгізеді — бұл үшін жұмыскерлердің өкілді органдарының (кәсіподақтардың) келісімін алу қажет.

Автоматтандыру кезіндегі кепілдіктер: Біз жұмыс берушілер үшін қатаң шектеулер қоямыз. ЖИ енгізілуіне байланысты жұмыскерді алдын ала оқытусыз немесе жаңа жұмысқа орналасуға көмектеспей жұмыстан шығаруға жол берілмейді.

«Адами» еңбекке құқық: Біз тек адамдармен орындалуы тиіс мамандықтар мен жұмыс түрлерінің тізімін жасауға, сондай-ақ қызметкерлер үшін міндетті жұмыс орындарының квоталарын енгізуге бастамашы болдық.

Робототехникаға ұжымдық келісім: Роботтармен тығыз іс-қимылды көздейтін жаңа жұмыс орындарын құру тек еңбек ұжымының келісімімен ғана жүзеге асуы тиіс.

Цифрлық шеттетумен күрес: Стандарт психоәлеуметтік тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Біз «анонимді технологиялық билікке» және жаппай қашықтан жұмыс істеу немесе цифрлық бақылау салдарынан адамның қоғаммен байланысын жоғалтуына қарсы күресеміз.

Біздің ұстанымымыз анық. Цифрландыру – қысқартудың құралы емес, еңбекті ізгілендірудің мүмкіндігі.

Біз Үкімет пен бизнесті ЖИ әлеуметтік қиындық емес, нағыз көмекші болуы үшін бірге әрекеттесуге шақырамыз.

Болашақ маман ретінде мынаны біліңіздер: Кәсіподақ – цифрлы әлемдегі сіздерге қорған бола алады. Біз сіздердің біліміңіз бен адамдық қадір-қасиетіңіз кез келген алгоритмнен жоғары бағалануын қамтамасыз етеміз.

Сіздерге адам мен машина қатар жүретін заманда жұмыс істеу бұйырды. Бұл жерде тек техниканы білу жеткіліксіз, робот алмастыра алмайтын адами қасиеттерді сақтап қалу маңызды.

Біздің міндетіміз – жасанды интеллект әлеуметтік жіктелудің көзі емес, прогрестің құралына айналдыру. Болашақ технологияға тиесілі болғанымен, бақылау адамның қолында қалуы керек.

Назарларыңызға рақмет! Оқуда озат, еңбекте абыройлы болыңыздар!