«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы ұжымында «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті, қоршаған ортаны қорғау бойынша үздік ұран» байқауы өтті.

Өндіріс орынында өткен байқау «Еңбек қауіпсіздігі», «Өрт қауіпсіздігі» және «Қоршаған ортаны қорғау» номинациялары бойынша жүлдегерді анықтады.
Мұнай компаниясының әрбір бөлімшелері байқауға белсенді қатысты, олар тақырыптарға сәйкес бейне жазбалар дайындап, қауіпсіздік ұрандарымен жұмыскерлердің назарын еңбекті, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудартты.
Дайындалған материалдар мәнділіктеріне қарай арнайы комиссиямен сараланып, үздіктер анықталды. Құмкөл мұнайшылар мекенінде өткен байқаудың қорытынды жиынына Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов қатысты.
«Қазақстан республикасы Кәсіподақтар федерациясымен 2023 жыл Қауіпсіз еңбек жылы болып белгіленген. Еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне үлкен мән беріп, жұмыскерлердің еңбегін қорғауды ұйымдастыруда әлеуметтік серіктестік жұмыстарыңызға алғыс білдіреміз. Басты басымдық -жұмыс орындарындағы қауіпсіздік», – деп атап өтті өз құттықтауында Марат Бәйімбетов.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен еңбекті қорғау мәселелерін ілгерілетудегі белсенді әріптестік қызметтері үшін компанияның «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті, қоршаған ортаны қорғау» Департаментіне Алғыс хат тапсырылды. Сонымен қатар бірлестік атынан байқау жүлдегерлеріне алғыстар білдіріліп, компанияның кәсіподақ төрағасы Бақытжан Мұқашева жеңімпаздарға сыйлықтар табыстады.
