Шымкент қаласында «Nur Otan» партиясы мүшелерімен кездесулер басталып кетті.
Үгіт-насихат жұмыстары «Су ресурстары» маркетингі ЖШС-нің мәжіліс залында өтті. Кандидаттардан ҚР Парламенті мәжілісіне үміткерлер – «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов, сондай-ақ, Серік Сұлтанов пен Ерлан Айтбаев қатысты.
Берік Айдарбекұлы сайлауалды бағдарламасын «Руханияттан» бастады. Оның айтуынша, салт-дәстүрді «ескіліктің сарқыншағы» деп қарамай, керісінше, ата-бабамыздың көзі деп қараған жөн болар. Өз отбасында әдет-ғұрып, жөн-жоралғы көріп өскен баладан үлкенге ізет көрсететін тәрбиелі азамат шығарына сенім білдірді. Сондықтан: әділдікке, еңбекқорлыққа, тәртіпке бастайтын ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құқықтық деңгейде бекіту және ұлттық дәстүрлер арқылы тәрбие беру үрдісінде адамның рухани мәдениетін қалыптастыру керектігін айтты.
Сонымен қатар, елімізде еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төленетін төлемнің аздығынан көптеген еңбек адамдары өздерінің ауруын жасыруға немесе медициналық байқаулардан өту мүмкіндіктерін шектеуге алып келетінін негізге алып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 133 бабына тиісті өзгертулер, атап айтқанда әлеуметтік төлемдерді жұмыскерлердің жалақы көлеміне, еңбек өтіліне қарай орташа жалақының 60-100%-ы көлемінде белгілеу туралы өзгертулер енгізу қажет, – деді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім, экономика, жұмыспен қамту салаларына да тоқталып, осы салалар бойынша өзгерістерді қажет ететін бірқатар мәселелерді ортаға салды.
