Жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Байғанин ауданындағы «Altay Resources» мұнай сервистік компаниясы қызметкерлерінің бастамасымен «Ынтымақ» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының құрамынан бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.


Жаңадан құрылған ұйымның негізгі мақсаты – жұмысшылардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, еңбек қауіпсіздігін сақтау және ұжымдағы бірлікті нығайту.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымының атқарып жатқан жұмыстары, әлеуметтік қолдау шаралары, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау бағытындағы бастамалар мен ұжымдық келісімшарттың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.


Шара барысында Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы орны мен еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтаудағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар, еңбек адамының мүддесін қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және жұмысшылардың құқықтарын сақтау бағытындағы кәсіподақтың маңызын атап өтті.


Кездесуге «Ынтымақ» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Исламғали Бітік қатысып, жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына сәттілік тілеп, қызметкерлерді ұйым жұмысына белсенді қатысуға шақырды.
Өз кезегінде компания қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жұмысына белсенді атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.