aqtobegazeti.kz: Әлеуметтік әріптестік нығая түседі

Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин келді. Сапар барысында ол өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысанды аралап, еңбек ұжымдарымен және кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесті.

Федерация төрағасы алдымен Ақтөбе жоғары политехникалық колледжіне барды. Мұнда оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, білім беру үдерісіне енгізілген заманауи технология жұмысын көрді. Оқу орнында қашықтықтан оқыту технологиясы кеңінен қолданылып, студенттерге веб-дизайн, бағдарламалау, 1С жүйесімен жұмыс, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту және кәсіпкерлік негіздері бойынша білім беріледі. Сонымен қатар қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылған.

Кездесу барысында колледж директоры Жеңіскүл Мұханбетпайызова оқу орнындағы жаңашыл бастама мен кәсіподақ ұйымының жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, кез келген ұйым үшін кәсіподақтың маңызы зор. Ол қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қамтамасыз етуге, еңбек нормаларының сақталуына ықпал етеді. Оқу орнындағы ұжымдық шарт 2024 жылы жаңартылып, онда еңбек қауіпсіздігіне қатысты жаңа нормалар енгізілген. Барлық өзгеріс ұжым мүшелерінің ұсынысын ескеріп қабылданған.
Айта кетейік, колледжде оқу мүмкіндігін кеңейту мақсатында 300 орындық IT-хаб салу жоспарлануда. Мұнда екінші және үшінші курс оқушылары цифрлық технологияларды терең меңгеріп, WorldSkills байқауларына дайындала алады.

Федерация басшысына оқушылар әзірлеген бірнеше инновациялық жоба да көрсетілді. Соның біріцифрлық кәсіподақ платформасы. Ол платформа арқылы өтініштерді жылдам беру және олардың орындалуын бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Сатыбалды Дәулеталин колледжге бұл платформаны цифрлық кәсіподақты дамыту негізі ретінде қолдануды ұсынып, заманауи IT-шешімдерді енгізу бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды. Кездесу барысында федерация басшысы өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жұмысына оң бағасын беріп, кәсіподақтың басты міндеті еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастарын тұрақтандыру екенін атап өтті.

— Кәсіподақ — еңбек адамының құқығын қорғайтын негізгі ұйымның бірі. Оның басты міндеті — қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғау, еңбек қауіпсіздігін сақтау, лайықты еңбек жағдайын қалыптастыру және жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту. Біз үшін әрбір кәсіпорындағы ұжымдық шарттың сапалы жасалуы, еңбек нормаларының сақталуы өте маңызды.
2030 жылға дейін елдегі кәсіподақтар толық цифрлық платформаға өтеді. Колледж қабырғасында жасалған заманауи жобаларыңыз өте керемет. Біз сіздермен цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз,
— деді С.Дәулеталин.

Жұмыс сапары барысында федерация төрағасы Ақтөбе қаласындағы Aqtobe su-energy group акционерлік қоғамында, сондай-ақ «Мұнайшы» балалар сауықтыру лагерінде болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулерде әлеуметтік әріптестік, еңбек жағдайы, қызметкерлер мен балалардың әлеуметтік қорғалуы, ұжымдық келісімшарттардың орындалу мәселелері талқыланды.