Қызылорда қаласында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен еңбек қатынастарына арналған екі күндік оқу семинары өткізілді. Іс-шара қаланың сол жағалауындағы Жастар орталығында ұйымдастырылды.

Семинарға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, келісім комиссияларының мүшелері, кәсіподақ белсенділері мен коммуналдық мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері қатысты. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Жалағаш аудандарының мемлекеттік мекемелері, ауылдық округтер мен кент әкімдігі аппараттарының өкілдері қамтылды.
Оқу жиынын Қызылорда облыстық филиал төрағасы Сәуле Тұрсынбаева ашып, кәсіподақ саласындағы білім жетілдіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ұйым тарапынан атқарылып жатқан негізгі жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Семинар барысында Қызылорда облыстық филиал төрағасының орынбасары, заңгер Кеңес Махамбетов еңбек заңнамасындағы тәжірибелік мәселелерге кеңінен тоқталып, ұжымдық шарттың әлеуметтік қорғаудағы рөлі, еңбек дауларының алдын алу және шешу жолдары, сондай-ақ «Кәсіптік одақтар туралы» заң талаптары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Оқу соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар семинар аясында қатысушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылды. Кәсіподақ мүшелері жаңадан ашылған Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, өңір тарихы мен мәдени мұрасына арналған экспозициялармен танысты.

Онда Сығанақ қаласының тарихы, Байқоңыр ғарыш айлағы, Алаш қайраткерлері мен Қызылорда өңірінің рухани-мәдени құндылықтары туралы мол мағлұмат берілді.
