Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру марафоны шеңберінде Атырау облысының кәсіподақ белсенділері «Әлеуметтік әріптестік: ұжымдық келіссөздерді жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу» тақырыбын талқылады.

Сәтті жүзеге асырыл келе жатқан оқу жобасының басты мақсаты – кәсіподақ кадрлары мен белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту және ұйымдардағы ұжымдық шарттардың сапасын жетілдіру.
Білім марафонын ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова ашып, кәсіподақ белсенділеріне Кәсіподақтар федерациясымен жүзеге асырылып жатқан оқыту жобалары туралы айтты.

Семинар барысында ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы бас сарапшысы Майра Боранбаева әлеуметтік әріптестіктің маңызы, ұжымдық келіссөздер жүргізу тетіктері, сондай-ақ ұжымдық шарттарды әзірлеу мен жасасудың заңнамалық тәртібі жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Еңбек заңнамасына 8 маусымда күшіне енетін бірқатар өзгерістер, заң жаңалықтары, оның ішінде Ұжымдық шартқа байланысты толықтырулар түсіндірілді.

Қатысушылар еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және ұжымдық шарттардың тиімділігін арттыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты.
Атырау облысының кәсіподақ белсенділері семинардың мазмұндылығын, тәжірибелік маңызын жоғары бағалап, мұндай білім беру алаңдарының алдағы уақытта да жалғасуы қажет екенін атап өтті.
