Сейсенбі, 12 мамырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ-ның «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» атты білім беру онлайн-жобасының жетінші легі тыңдаушыларының оқуды аяқтау салтанатына қатысты.

Жиынға сонымен қатар ҚРКФ-ның Дәріскерлер пулындағы спикерлер, салалық кәсіподақтар мен аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің өкілдері, кәсіподақ белсенділері мен оқу курсын бітіруші түлектер қатысты.
Жоба авторы әрі үйлестірушісі, ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанованың айтуынша, 2022 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бұл бастама санаулы жыл ішінде еліміздегі кәсіподақ білімінің жүйелі діңгегіне айналды. Ол тәжірибелі мамандар мен бастауыш ұйымдардағы жас төрағалардың басын қосатын ортақ алаңға айналып үлгерді.

«Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы мүшелерінің сұранысы мен үмітін толық ақтайтын, тұрақты оқыту жүйесін құра алды деп нық сеніммен айта аламыз. 2026 жылдың наурызы мен мамыры аралығында өткен жетінші оқу легіне 13 салалық кәсіподақ пен Қазақстанның түкпір-түкпірінен 95 тыңдаушы қатысты. Олардың арасында экономика мен әлеуметтік саланың ең маңызды салалары: білім және ғылым, денсаулық сақтау, мұнай-газ және тау-кен металлургиясы, атом мен энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, қаржы, мемлекеттік мекемелер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласының өкілдері бар», — деді Ләззат Есжанова.
Оның айтуынша, оқу бағдарламасы 18 тақырыптық дәріс пен тәжірибелік сабақтан тұратын кешенді курс ретінде әзірленген. Оқу барысында кәсіподақ қозғалысының негіздері, еңбек заңнамасы, әлеуметтік әріптестік тетіктері, ұжымдық шарттармен жұмыс істеу, сондай-ақ бастауыш ұйымдар деңгейіндегі жұмысты ұйымдастыру мәселелері жан-жақты талданды.
Айта кету керек, 2023 жылдың қаңтарында Кәсіподақтық оқыту тұжырымдамасының қабылдануы ҚРКФ үшін үлкен қадам болды. Бұл құжат кадрларды даярлау ісін ретке келтіріп, Федерация мен оған мүше ұйымдардың білім беру бағыттарын нақты белгіледі.
Қазіргі таңда оқу процесіне 15-тен астам тәжірибелі маман — кәсіподақ ардагерлері, еңбек құқығы, еңбекті қорғау, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларын шешу саласының сарапшылары тартылған.
Жиын барысында қатысушылар алғыс айтып, оқу бағдарламасының пайдасы туралы ойларымен бөлісті.
Павлодар облысындағы ҚРКФ Заң клиникасы филиалының басшысы Марина Иванова еңбек заңнамасындағы жаңалықтарды түсіндірудің маңыздылығына тоқталды.

«Менің ұстанымым — білім, бұл әлемді өзгертетін ең қуатты құрал. Бұл мектеп біздің құқықтық сауатымызды арттырып, заманауи процестерді, соның ішінде кәсіподақ жұмысына жасанды интеллектіні енгізуді түсінуге үлкен септігін тигізді. Біз жақын арада күшіне енетін жаңа заңдармен таныстық. Дәріскерлер Еңбек кодексіндегі әрбір өзгерісті түсіндіріп берді. Бұл алған білімімізді бірден іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді» , – деп атап өтті Марина Иванова.
«КПО б.в. және мердігер мекемелер қызметкерлерінің Қарашығанақ жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Медет Үмбітғалиев бұл оқудың білімді жүйелеу мен тәжірибе алмасу үшін таптырмас мүмкіндік болғанын айтты.

«Әр қатысушы өзіне қажетті ақпаратты тауып, оны болашақ жұмысына негіз етіп алды. Ақпарат тасқыны жүріп жатқан заманда заңдағы өзгерістер мен сұрақтарға уақтылы жауап алу өте маңызды» , – деді ол.
Медет Үмбітғалиев кәсіподақтың қоғамдағы рөлін, әсіресе жастар арасында арттыруға бағытталған бағдарламаларды одан әрі дамытуды ұсынды.
Атом өнеркәсібі салалық кәсіподағына қарасты «Волковгеология» АҚ жергілікті кәсіподағының өкілі Айнұр Дүйсенаева бұл оқудың жас мамандардың кәсіби өсуіне тигізген әсерін атап өтті.
«Мен — жұмысын енді бастаған жас кәсіподақ көшбасшысымын. Оқу барысында бізге өте көп пайдалы ақпарат пен қолдау көрсетілді. Алған дағдыларымды жұмыста қолдана бастадым. Сіздердің сабақтарыңыздан кейін мен презентациялар мен бейнематериалдар дайындау үшін, қазақ және орыс тілдеріндегі қысқа оқу форматтарын жасау үшін жасанды интеллектіні пайдаланып жүрмін» , – деп тәжірибесімен бөлісті Айнұр Дүйсенаева.

Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина бағдарламаның ауқымдылығына тоқталды.

«Кәсіподақ тарихынан бастап цифрландыру мен жасанды интеллектіге дейінгі барлық бағыттарды қамтығандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бүгінгі таңда ақпараттық жұмыс пен еңбек адамын қорғау бүгінде бір-бірімен тығыз байланысты», – деді Татьяна Шатохина.
Алматы қаласы Кәсіподақ орталығының заңгері Эльвира Өміршиева оқудың іс жүзіндегі маңызын айта келе, жұмысшылардың құқығын қорғауда және заң көмегін баршаға қолжетімді етуде кәсіподақтардың рөлін одан әрі күшейту керектігін жеткізді.

«Біздің басты міндетіміз – жұмысшылардың мүддесін қорғау. Сонымен қатар, еңбек қатынастарын реттеу мен жұмысшы құқықтарын қорғау тетіктерін халыққа көбірек түсіндіріп, кәсіподақтардың беделін арттыру өте маңызды. Іс жүзінде Алматының кәсіподақ ұйымдары қазірдің өзінде кең ауқымды кеңес беру қызметін атқарып отыр. Тіпті, кәсіподақ әлі құрылмаған мекемелердің қызметкерлеріне де көмектесеміз. Көп жағдайда адамдар өз еңбек құқықтарын ұжым болып қорғауға мүмкіндіктері бар екенін білмей де жатады. Негізінде, жұмысшы жалғыз әрекет етсе, ол тиімсіз болады, ал артында ұжым тұрса, құқық қорғау ісі әлдеқайда тиімді әрі нәтижелі болады», — деді Эльвира Өміршиева.
Ол сондай-ақ еңбек заңнамасын сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеу мәселесіне ерекше назар аударды.
«Менің ойымша, бүгінде Қазақстанда Еңбек кодексіне қатысты маңызды түсіндірмелер жетіспейді. Бар ақпараттың өзін көбіне сотта немесе тікелей жұмыс барысында тәжірибесі аз авторлар дайындаған. Сондықтан іс басында жүрген мамандардың күшін біріктіріп, Еңбек кодексіне заң нормаларын қолданудың нақты тәжірибесін көрсететін сапалы, заманауи түсіндірме дайындау өте маңызды болар еді. Мұндай ақпаратты қолжетімді ету керек, сонда жұмысшылар мен кәсіподақ белсенділері заңның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсіне алады», — деп ұсынды Алматы қаласы Кәсіподақ орталығының заңгері.
Қызылорда облысы Кәсіподақ орталығының заңгері Майра Боранбаева өз жұмысынан мысал келтіре отырып, кәсіподақ көшбасшысының құқығын қорғау бойынша сотта жеңіске жеткендерін сүйіншіледі. Ол мұндай жетістіктерге ҚРКФ-ның білім беру жобаларында алған білімнің септігі тиіп жатқанын атап өтті.

ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Тимур Нұғманов кәсіподақтардың заң шығару ісіндегі жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, қазір Сенат қарап жатқан заң жобасына ҚРКФ ұсынған техникалық инспекторлардың мәртебесіне қатысты түзетулер енгізілген.

Абай облысы бойынша Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Жаңасемей аудандық филиалының төрағасы Ақылбек Тасжүреков алған білімнің күнделікті жұмыс үшін өте құнды екенін айтты.

«Күнделікті жұмысымда білім беру жүйесінің түрлі қызметтерімен және құрылымдарымен тығыз байланыста боламын. Бұл жергілікті жердегі жұмысты терең түсінуге мүмкіндік береді. Осы оқу бағдарламасына қатысуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Оқу өте жоғары деңгейде өтті, сұрақтар егжей-тегжейлі талқыланды, мазмұнды пікірталастар болды. Жалпы, бағдарлама өте қанық, барлық түйінді мәселелер талқыланды деуге болады. Әріптестермен және осы жобаның түлектерімен әрбір кездесу мен үшін маңызды, өйткені бұл тәжірибе алмасуға және кәсіби байланысты нығайтуға көмектеседі», — деді ол.

Жиынды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің түлектеріне сәттілік тілеп, кәсіподақ қозғалысының құндылықтары мен болашақ даму бағыттарын айқындап берді.
Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы ҚРКФ-ның бұл бағдарламалары тек білім беріп қана қоймай, көшбасшының ынтымақтастық пен ұжымдық жауапкершілікке негізделген дүниетанымын қалыптастыратынын атап өтті.
«Біз үшін қатысушылардың мұндай бағдарламалар арқылы тек білім алып қана қоймай, кәсіподақ қызметінің барлық қыр-сырын жаңаша зерделеуі өте маңызды. Кәсіподақ ортасында бір-біріне „бауырлар“ деп сөйлеудің ерекше дәстүрі бар. Бұл сырт көзге алғашында ерекше көрінгенімен, мұның астарында терең мағына жатыр. Кәсіподақ жұмысына терең бойлаған сайын, мұның жай ғана сөз емес екенін түсінесіз. Бұл — біздің еңбек адамын қорғау жолындағы ортақ мақсатқа біріккен бір отбасы екеніміздің белгісі. Егер біз бір-бірімізге қолдау көрсетпесек, әрқайсымыз бөлек әрекет етсек, жұмысымыздың берекесі қашады. Тек бірлескен әрекет қана жұмысшылардың құқығын қорғауға, еңбек жағдайын жақсартуға және әлеуметтік әділдік орнатуға мүмкіндік береді. Бұл жай ұран емес, бұл — кәсіподақ қозғалысының бүкіл тарихы дәлелдеген өмірлік қажеттілік», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтардың тарихтағы рөлі туралы айта келе, ҚРКФ Төрағасы олардың даму жолы мен жинақталған тәжірибесінің бірегей екенін атап өтті.
«Қазақстан кәсіподақтарының 120 жылдан астам тарихы бар. Мұны түсіну маңызды — еліміздегі бірде-бір қоғамдық ұйымның мұндай ұзақ қалыптасу және даму тарихы жоқ. Тереңірек үңілсек, кәсіподақтар қоғамның әлеуметтік әділдікке деген ішкі сұранысынан туындаған. Адамдар лайықты еңбек жағдайын, бассыздықтан қорғалуды, қалыпты жұмыс уақыты мен қауіпсіздікті қалады. Осы талаптардың нәтижесінде бүгінгі біз білетін кәсіподақ қозғалысы қалыптасты. Қазір үйреншікті жағдай болып көрінетін сегіз сағаттық жұмыс күні, ақылы еңбек демалысы, еңбекті қорғау нормалары, әлеуметтік кепілдіктер — осының бәрі дүние жүзіндегі, соның ішінде біздің елдегі кәсіподақтардың ұзақ жылғы күресінің жемісі. Бұл игіліктер аспаннан түскен сый емес, бұл — еңбекшілердің өз құқықтары үшін жүргізген күресінің жемісі. Осы жетістіктердің бағасын білу үшін біз бұл тарихты есте сақтауымыз керек», — деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.
Кәсіподақтардың бүгінгі рөліне тоқталған Сатыбалды Дәулеталин олардың кәсіби ерекшелігі мен бірегейлігін де атап өтті.
«Бүгінгі таңда кәсіподақтар — жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаумен және олардың мүдделерін ілгерілетумен кәсіби деңгейде айналысатын бірден-бір ұйым. Біз Халықаралық еңбек ұйымы тұжырымдаған Лайықты еңбек тұжырымдамасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Ол — әділ еңбекақыны, қауіпсіз еңбек жағдайын, әлеуметтік қорғалуды және еңбек адамына деген құрметті қамтамасыз ету. Біз осы бағытта жұмыс істей отырып, еліміздің әлеуметтік саясатын нығайтудағы маңызды қадам болатын Лайықты еңбек ұлттық тұжырымдамасының қабылдануына үміт артамыз», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен қатар ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы кәсіподақ қызметін жаңғыртудың басымдықтарын айқындап берді.
«Әлем, соның ішінде еңбек нарығы қарқынды өзгеруде. Кәсіподақ қозғалысында да елеулі өзгерістер орын алуда. Бүгін бізге жұмысымызды қайта құру қажет. Біріншіден, жұмысты құрылымнан емес, адамдардан — олардың мәселелері мен қажеттіліктерінен бастау керек. Халық қазір сөзге емес, нәтижеге сенеді. Шешімін тапқан бір мәселе ондаған іс-шарадан әлдеқайда маңызды. Екіншіден — әрекет ету жылдамдығы. Қазіргі заман адамы жылдам ырғақта өмір сүреді, сондықтан біз де дереу үн қатуымыз керек. Кәсіподақтарға жедел байланыс арналары: чаттар, жедел желілер және шұғыл кері байланыс қажет. Үшіншіден — кәсіподақтың бағыт беруші (навигатор) ретіндегі рөлі. Жаңа жұмыс түрлері, цифрлық платформалар, заңнамадағы өзгерістер — мұның бәрі жағдайды күрделендіре түсуде. Адамдарға осы үдерістерде бағыт-бағдар алу үшін көмек қажет. Кәсіподақ түсіндіруі, тәуекелдерді ескертуі және еңбек адамына сүйемелдеу жасауы тиіс. Төртіншіден — адамдармен бірге өндірісте, станок басында болып, тікелей араласу қажет. Жеке кездесу кез келген жиналыс пен есептен әлдеқайда тиімдірек. Бесіншіден — жастармен жұмыс. Жастарды кәсіподаққа жай ғана шақыру нәтиже бермейді. Жастар бұл істің мәнін көргенде ғана келеді. Оларға жай ғана «тізімдегі орынды» емес, нақты рөл, шынайы жобалар және заманауи құралдарды пайдалана отырып, іске ықпал ету мүмкіндігін беру керек. Алтыншыдан — цифрландыру. Бұл жай ғана «әдемі сайттар» емес, өтініш беру, кеңес алу, құқықтардың сақталуын тексеру сияқты нақты құралдар. Біз Цифрлық трансформация тұжырымдамасын қабылдадық және 2030 жылға қарай жұмыстың ашықтығын, жылдамдығын және тиімділігін қамтамасыз ететін цифрлық экожүйе құрамыз», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Төрағасы сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының жасанды интеллект дәуірінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандартын әзірлеп, енгізіп жатқанын тілге тиек етті.
«Қазіргі міндетіміз — бұл нормаларды ұжымдық шарттарға енгізу. Жақын арада жасанды интеллект барлық жерде қолданылатын болады. Сондықтан жұмыскерлердің құқығын алдын ала қорғау және адам тағдырына әсер ететін шешімдердің тек алгоритмдер арқылы қабылдануына жол бермеу маңызды. Адам тағдырын адам шешуі тиіс — бұл маңызды мәселе. Ол үшін біз тиісті нормаларды салалық, өңірлік және бас келісімдерде бекітуіміз қажет», — деп Сатыбалды Дәулеталин жас кәсіподақ көшбасшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы «Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің» түлектеріне сәттілік тілеп, бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты — барлық деңгейдегі кәсіподақтарда білім беру үдерісінің үздіксіздігі екенін атап өтті.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
