Халықаралық жұмыс

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (бұдан әрі – Федерация) қызметінің ажырамас бөлігі халықаралық ұйымдармен және шетелдік кәсіподақ бірлестіктерімен ынтымақтастық болып табылады. Бұл қызмет Федерацияның қабылданған 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар» Стратегиясы негізінде жүзеге асырылады, оның шеңберінде халықаралық ынтымақтастық саласындағы бағыттар айқындалған. Халықаралық кәсіподақ қозғалысы басқа халықаралық ұйымдардың аясында қарқынды дамып келеді. Халықаралық Еңбек Ұйымының деректері бойынша бүкіл әлемде 250 миллионнан астам жұмысшы кәсіподақ мүшесі болып табылады. Қазақстан Республикасы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) мүшесі болып табылады және бүгінгі таңда еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы 26 халықаралық конвенцияны, соның ішінде 10 іргелі, 4 директивалық және 12 техникалық конвенцияны ратификациялады.

Қазақстан ХЕҰ-ның 192 конвенциясының ішінен 26 конвенцияны ратификациялады. Иргелі 10 конвенция, 4 директивалық конвенция, 12 техникалық конвенция.

Келесі конвенцияларды ратификациялау ұсынылды:

  • №154 «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы»;
  • №160 «Еңбек статистикасы туралы»;
  • №168 «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмыссыздықтан қорғау туралы»;
  • №102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы»;
  • №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымшылықты жою туралы»;
  • №176 «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы туралы»;
  • №161 «Еңбек гигиенасы қызметтері туралы»;
  • №191 «Қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайлары туралы»;
  • №192 «Өндірістік саладағы биологиялық қауіпті факторлардан алдын алу және қорғау туралы».

Кәсіподақтар федерациясы әлемдік кәсіподақ қозғалысының белсенді қатысушысы болып табылады және халықаралық қызметін лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету бойынша Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) мақсаттары мен міндеттерімен ынтымақтастық қағидаттарында құрады.

Осы мақсатта Халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағдарламасы қабылданды, ол мыналарды қамтиды:

  • ХЕҰ-ның еңбек саласының болашағы және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын бекіту жөніндегі бастамаларын іске асыру;
  • ХЕҰ-мен ынтымақтастықты тереңдету, соның ішінде жаһандық еңбек үрдістерін зерделеу және халықаралық стандарттарды енгізуге жәрдемдесу;
  • ХЕҰ-ның негізгі конвенцияларын ілгерілету және ратификациялау;
  • Тұрақты даму саласындағы 2030 Күн тәртібін және ТДМ 8-ді іске асыру бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымымен (БҰҰ) және оның агенттіктерімен өзара іс-қимыл жасау;
  • әйелдерді жұмыспен қамту және гендерлік теңдік проблемалары бойынша халықаралық бірлестіктермен ынтымақтастықты кеңейту;
  • ХКК-мен, Жалпыеуропалық өңірлік кеңеспен (ЖӨК), Орталық Азия елдерінің Кәсіподақтар кеңесімен (ОАКК), Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымымен (ТМКҰ) байланыстарды нығайту.

Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (ассоциациялары, одақтары) және кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері (ассоциациялары, одақтары) арасындағы 2024–2026 жылдарға арналған Бас келісімде ХЕҰ-ның 9 халықаралық конвенциясын ратификациялау мәселелері бойынша консультациялар өткізу көзделген.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Федерация тұрақты негізде Лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының және ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне арналған бюросының, ХЕҰ-ның Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросының (ACTRAV) жетекші мамандарымен тәжірибе алмасу бойынша жұмыс жүргізеді. Негізгі жетістіктердің бірі Қазақстанды ХЕҰ-ның № 87 «Бірлесу бостандығы және бірлесу құқығын қорғау туралы» конвенциясының ережелерін сақтамайтын елдердің «қысқа тізімінен» шығару болды.

Бұл Кәсіподақтар федерациясының жүйелі және табанды жұмысының – құқықтық уәждерді дайындаудан бастап ХЕҰ-ның Стандарттарды қолдану жөніндегі комитетімен тікелей диалог жүргізуінің арқасында мүмкін болды. ХЕҰ-ның Халықаралық еңбек конференциясының 112-сессиясында (Женева, 2024 жыл) ҚРКФ, Үкімет, «Парыз» Жұмыс берушілер конфедерациясы және ХЕҰ-ның Іс-қимыл жоспарына (Жол картасына) қол қойылды, ол мыналарды қамтиды:

  • ең төменгі жалақы жүйесін реформалау;
  • әлеуметтік диалог тетіктерін дамыту;
  • еңбекті қорғау жүйесін жаңғырту;
  • цифрландыру және ЖИ жағдайында еңбекті реттеудің жаңа стандарттарын ілгерілету.

2021 жылдан 2025 жылға дейін Кәсіподақтар федерациясы Қазақстанда ХЕҰ-ның платформалық жұмыспен қамту, жастарды жұмыспен қамту, еңбекті қорғау, COVID-19-дан кейінгі тұрақты қалпына келтіру, климат мәселелері, әділ ауысу, бейресми сектор, оқыту және біліктілікті арттыру мәселелері бойынша 12 жобасын іске асыруға қатысты және оларға бастамашылық жасады. Бұл тәжірибе жаһандық және ұлттық міндеттерді ұштастырудың бірегей тәжірибесін қалыптастырды, ол ХЕҰ тарапынан оң бағасын алды. 2024 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбоның Қазақстанға сапары өтті. Сапар аясындағы алғашқы кездесудің Кәсіподақтар федерациясының алаңында өтуі символдық мәнге ие, бұл Кәсіподақтар федерациясының еңбек күн тәртібін ілгерілетудегі көшбасшылық рөлінің танылуын айғақтайды. 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде Кәсіподақтар федерациясының 782 өкілі 123 халықаралық іс-шараға – конференцияларға, форумдарға, сессияларға, семинарларға қатысты. Бұл жай ғана қатысу емес – бұл позицияларды шоғырландыру, жаңа тәсілдерді үйрену және халықаралық сараптамасы бар кадрлық резервті қалыптастыру. 2021–2022 жылдары ХКК-мен стратегиялық диалог қайта орнатылғаннан кейін, Кәсіподақтар федерациясы 2022 жылғы 17 қарашада Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) әлемдік кәсіподақ қозғалысының бөлігі болды. Бұл ҚРКФ-ның жаһандық кәсіподақ қозғалысында сындарлы рөл атқару қабілетінің маңызды халықаралық танылуы болды. 2023 жылы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХКК Жалпыеуропалық өңірлік кеңесінің (ЖӨК) вице-президенті, ал 2024 жылы — ХКК Бас кеңесінің мүшесі болып сайланды, бұл Қазақстанға әлемдік кәсіподақ қозғалысының жоғары шешімдері деңгейінде дауыс беру құқығын берді. Кәсіподақтар федерациясы ЖӨК Атқарушы комитетіне, Үйлестіру кеңесінің отырыстарына, ЖӨК Әйелдер мектебіне, ЖӨК Жастар кеңесіне белсенді қатысады, осылайша Қазақстан кәсіподақтарының стратегиялық деңгейден жедел деңгейге дейінгі барлық деңгейлерде жүйелі өкілдігін қамтамасыз етеді. 2021 жылы Кәсіподақтар федерациясы Орталық Азия елдерінің Кәсіподақтар кеңесінің (ОАКК) тең құрылтайшысы болды. Төрт жылдық жұмыс ішінде Кеңестің 8 отырысы өткізіліп, еңбек көші-қоны, ұжымдық шарттар, жасыл экономика мәселелері бойынша басымдықтар келісілді. Бұл қадамдар ОАКК-ні еңбек саласындағы нақты жұмыс істейтін интеграциялық механизм ретінде атауға мүмкіндік береді.

Бүгінде ОАКК сарапшылық алаңнан Орталық Азия елдерін ортақ еңбек күн тәртібі төңірегінде біріктіретін тұрақты өңірлік коалицияға айналды. 2023 жылы Кәсіподақтар федерациясы ОАКК-ге төрағалық етіп, бірегей жобаларға бастамашылық жасады:

  • ортақ веб-сайт пен ақпараттық платформаны іске қосу;
  • ОАКК-нің логотипін, туын, бірыңғай визуалды айдентикасын әзірледі және енгізді;
  • ОАКК Жастар кеңесін құруға бастамашылық жасап, «Еңбек эволюциясы» халықаралық жастар форумын өткізді;
  • «Үздік ұжымдық шарт» өңірлік байқауын бастады;
  • еңбек туризмін дамыту туралы меморандумға қол қойды;
  • жастарды әлеуметтік біріктіру алаңдарының бірі ретінде Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары арасында дәстүрлі «CTUCA CUP – 2023» футзал турнирін өткізді; еңбек саласында ЖИ реттеудің Бірыңғай өңірлік стандарттарын құруға бастамашылық жасады.

Келесі логикалық қадам Кәсіподақтар федерациясының өңіраралық стратегиялық бірлестік түрі ретінде Түркі Мемлекеттерінің Кәсіподақтар Ұйымын (ТМКҰ) құру жөніндегі бастамасы болды. 2024 жылғы желтоқсанда ТМКҰ ресми түрде тіркелді. ТМКҰ-ның бірінші съезінде (Анкара, 2025 жылғы 22 мамыр) Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы жаңа құрылымның Бас хатшысы болып сайланды. Бұл жай ғана номиналды лауазым емес — бұл Қазақстанның түркі әлеміндегі кәсіподақ көшбасшылығының орталығы ретінде танылуы. ТМКҰ еңбек көші-қоны, климат, ЖИ және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түркі әлемі кәсіподақтарының күш-жігерін шоғырландырудың жаңа нүктесіне айналды. 2025 жылғы 9–10 шілдеде Астана Орталық Азияда алғашқы алаң болып ХКК Жалпыеуропалық өңірлік кеңесінің (ЖӨК) Жазғы мектебін қабылдады, ол 50 ұлттық кәсіподақ орталығынан 70-ке жуық кәсіподақ көшбасшылары мен сарапшыларының басын қосты. Екі күн ішінде қатысушылар ұжымдық келіссөздерге, еңбек құқықтарын қорғауға, жұмыс орнындағы демократияға және еңбек саласындағы заманауи сын-қатерлерге байланысты мәселелердің кең ауқымын талқылады. Еңбекшілердің құқықтарын қорғаудың халықаралық тетіктеріне — ХЕҰ-ның № 98 конвенциясына, ЕО директиваларына, жаһандық негіздемелік келісімдерге, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектің еңбек жағдайларына әсеріне және технологиялық тұрғыдан өзгеріп жатқан әлемде кәсіподақтар үшін жаңа мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Іс-шара аясында Қазақстанға ХКК Бас хатшысы Люк Триангл және ЕКК Бас хатшысы Эстер Линч ХЕҰ және ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшыларымен бірге келді, бұл Жазғы мектептің жоғары мәртебесін және Қазақстанның халықаралық кәсіподақ қозғалысындағы өсіп келе жатқан рөлін айқындады. ҚРКФ халықаралық деңгейдегі өзінің белсенді позициясын тағы да растап, ХКК ЖӨК-нің әлеуметтік диалогты, ұжымдық келіссөздерді дамытуға және еңбек саласында жасанды интеллект пен цифрландыруды реттеуге жауапты тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған бастамаларын қолдады. Федерацияның маңызды міндеті кәсіби дағдыларды және жалпы кәсіподақ тәжірибесін арттыру мақсатында оның өкілдерінің, соның ішінде мүшелік ұйымдардың барлық халықаралық іс-шараларға қатысуын жандандыру болып табылады. Бүгінгі таңда Федерация шетелдік кәсіподақ орталықтары мен халықаралық ұйымдар қатарынан 60-тан астам ұйыммен, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінен, мысалы: ХЕҰ, Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ), БҰҰ-әйелдер құрылымымен ынтымақтастық орнатқан. Сонымен қатар, Халықаралық Кәсіподақтар Конфедерациясымен, Жапония еңбек қорымен (JILAF) және Фридрих Эберт қорымен ынтымақтастық жолға қойылған. Бұдан бөлек, Федерацияның кәсіподақ мүшелері, орталық аппарат пен өңірлік кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері жыл сайын JILAF Жапон халықаралық еңбек қорында оқудан өтеді. Бұл бағдарлама Азия, Африка, Орталық және Оңтүстік Америка, сондай-ақ басқа да өңірлер елдерінен кәсіподақ көшбасшыларын даярлауға бағытталған, озық тәжірибелермен алмасуды және кәсіби құзыреттерді дамытуды қамтамасыз етеді. Ынтымақтастықтың бүкіл кезеңінде JILAF-та Федерацияның 42 өкілі оқудан өтті, ал 2026 жылы тағы екі қызметкердің қатысуы жоспарлануда, бұл халықаралық тәжірибені нығайтуды жалғастыруға және Федерацияның кадрлық әлеуетінің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Фридрих Эберт қорымен (FES) бірлескен қызметі тұрақты және нәтижелі негізде өтуде. Ынтымақтастық шеңберінде жыл сайын конфликтология, медиация және еңбек дауларын шешу мәселелеріне арналған бірлескен оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар кәсіподақ көшбасшылары мен өңірлік ұйымдар қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттыруға, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамытуға және тиімді әлеуметтік диалог үшін әлеуетті нығайтуға бағытталған. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, шетелдік кәсіподақ орталықтарымен кәсіби байланыстарды нығайтуда. Бұл жұмыс шеңберінде өңір мен әлемнің бірқатар жетекші ұйымдарымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Олардың қатарында — Грузия кәсіподақтарының конфедерациясы, Моңғолия кәсіподақтарының конфедерациясы, Әзірбайжан кәсіпорақтарының конфедерациясы, Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы және Жалпыпольдік кәсіподақтар альянсы бар. Сонымен қатар, Түркияның ең ірі Hak-İş кәсіподақ ұйымымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Кәсіподақтар федерациясы қазақстандық кәсіподақ қозғалысының жаңа халықаралық бірегейлігін дәйекті әрі мақсатты түрде қалыптастырып келеді. Символдық қатысумен шектелмей, ҚРКФ:

  • халықаралық альянстар құрады, ынтымақтастықтың институционалдық инфрақұрылымын дамытады;
  • ЖИ, жасыл экономика, еңбекті қорғау, әділ ауысу мәселелері бойынша тақырыптық көшбасшылықты қалыптастырады;
  • ұлттық бастамалардың жаһандық еңбек күн тәртібіне енгізілуіне қол жеткізеді;

Қазақстанның кәсіподақ қозғалысының кадрлық және зияткерлік әлеуетін күшейтеді; қатысушы рөлінен шешімдердің бастамашысы және тең авторы рөліне ауыса отырып, ықпал ету географиясы мен тереңдігін кеңейтеді.

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі, Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) және Кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімде ХЕҰ-ның 20 халықаралық конвенциясын ратификациялау мәселелері бойынша консультациялар өткізу көзделген.

Бүгінгі таңда федерация шетелдік кәсіподақтар мен халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі, мысалы: ХЕҰ, халықаралық көші – қон ұйымы (ХКҚҰ), БҰҰ-әйелдер қатарынан 36 ұйыммен ынтымақтастық орнатты. Сонымен қатар, халықаралық кәсіподақтар Конфедерациясымен, Жапон Халықаралық Еңбек қорымен (ЖХЕҚ) және Фридрих Эберт қорымен ынтымақтастық орнатылды.

2021 жылы еңбекші әйелдердің құқықтарын ілгерілету мақсатында “Халықаралық Жаһандық Әйелдер көшбасшылығы” ұйымымен еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау жөніндегі USAID (ЮСАИД) жобасын іске асыру шеңберінде Winrock International (Винрок Интернейшнл) халықаралық ұйымымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.

Федерацияның тағы бір басым бағыты – ынтымақтастықты нығайту және Халықаралық ұйымдарға мүшелікті қайта бастау, сондай-ақ мүшелік ұйымдарды кәсіподақтардың халықаралық бірлестіктеріне кіруге ынталандыру болып табылады.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Федерация лайықты еңбек мәселелері бойынша техникалық қолдау тобының жетекші мамандарымен және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін ХЕҰ бюросымен, ХЕҰ еңбекшілер қызметі бюросымен (ACTRAV) тәжірибе алмасу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді. Одан әрі өзара іс-қимыл жасау үшін ынтымақтастықтың бағыттары қалыптастырылды, оның шеңберінде бірлескен жұмыстың 2021-2022 жылдарға арналған басымдықтары айқындалды. Уағдаластық шеңберінде өткізу және ұйымдастыру жоспарланған бірқатар іс-шаралар белгіленген.

Федерация 12 шетелдік кәсіподақ орталығымен, оның ішінде Грузия кәсіподақтар бірлестігімен, Малайзия кәсіподақтар Конгресімен, Армения Кәсіподақтар федерациясымен, MEMUR-SEN Түркия мемлекеттік қызметшілер кәсіподақтары Конфедерациясымен, Моңғолия кәсіподақтар Конфедерациясымен, Бүкілқытай Кәсіподақтар федерациясымен, Әзірбайжан кәсіподақтар Конфедерациясымен, Тәжікстанның тәуелсіз Кәсіподақтар федерациясымен, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясымен, Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды, сондай-ақ Италияның Еңбек одағымен ниеттер хаттамасына қол қойылды.

 

Федерацияның маңызды міндеті оның өкілдерінің, оның ішінде мүшелік ұйымдардың кәсіби дағдылары мен жалпы кәсіподақ тәжірибесін арттыру мақсатында барлық халықаралық іс-шараларға қатысуын жандандыру болып табылады.

Тек 2020 жылы федерация өкілдері кәсіподақ қызметі бойынша 19 онлайн халықаралық іс-шараларға, оның ішінде еңбек саласындағы маңызды халықаралық іс-шараларға қатысты. Жалпы өткен жылы ХЕҰ-ның 12 іс-шарасына 25 өкіл, сондай-ақ халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) ұйымдастырған 7 іс-шараға 18 өкіл қатысты.

Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелері, Федерацияның орталық аппараты мен аймақтық кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері жыл сайын Жапон Халықаралық еңбек қорында (ЖХЕҚ) білім алады. Ынтымақтастықтың барлық кезеңінде осы ұйымда оқудан өткендердің жалпы саны 34 адамды құрайды, 2021 жылы Федерацияның тағы үш өкілінің қатысуы жоспарлануда.

Ф. Эберт қорымен бірлесе жемісті қызмет етуде.  Жыл сайын конфликтология және еңбек дауларын шешу бойынша кемінде үш бірлескен оқыту семинары өткізіледі. Бүгінгі таңда 67 кәсіподақ қызметкері оқудан өтті және жыл соңына дейін Федерацияның өңірлік мүшелік ұйымдары қатарынан 50-ден астам өкіл қосымша оқытылуы жоспарлануда. Сонымен қатар, федерацияның жастар арасынан бес өкілі Ф.Эберт қорының Жастар көшбасшылығы бағдарламасын оқытуға қатысады.

Федерация халықаралық ынтымақтастық мәселелерін жетілдіруді, және де жалғастыруды көздейді.

Пайдалы ресурстар мен құжаттар